Қажырлы еңбек - табыс кілті

Шынарбек Асқарұлы Асқаров

🔹Шынарбек Асқарұлы Асқаров 1973 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Халық музыка» аспаптары кафедрасының «домбыра» мамандығына  түсіп,  еңбек жолын Ахмет жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық Қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатында домбыра пәнінен оқытушы қызметінен бастаған.

🔹1992 жылдың қазан айынан бастап Алматы П.И.  Чайковский атындағы музыка колледжінде жұмысын жалғастырады. 1994 жылдан «Халық аспаптар» бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалған. 1995 жылдан бастап «Халық аспаптар» оркестрін басқарып көптеген жетістіктерге жеткен. Оркестр Алматы, Нұр-Сұлтан қаласында өткен концерттерде көрермен ризашылығына бөленіп, бірнеше рет республикалық лауреат атағына ие болған.

🔹Шынарбек Асқарұлынан колледжде дәріс алған шәкірттері халықаралық және республикалық конкурстардың жеңімпазы атанған. Олар қазіргі таңда республикамызға белгілі күйші-домбырашылар: Олжас Сүлейменов, Салтанат Құдайбергенова, Саят Ақбасов, Батырлан Әбенов, Данияр Дабаев, Бауыржан Бекмұханбетов, Медет Есбергенов, Бексұлтан Бақыт және т.б.

🔹Алматы қаласының №83 өнер гимназиясының басшыларының шақыртуымен 1997 жылдан мектеп оркестрін басқарып әдістемелік көмек көрсетіп, мектеп оркестрі 1997 жылдан бастап әр үш жылда өткізіп тұратын  республикалық конкурстарда бас жүлдені иеленіп келеді.

🔹Ш. Асқарұлы министрліктің тапсырысымен жылда Алматы қаласында өтетін республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының  ұйымдастыруымен өтетін республикалық музыка мектептерінен келген ұстаздарға шеберлік сыныбын өткізіп тұрады. Профессор Біләл Алпанұлы Ысқақовпен бірігіп домбыраға арналған бағдарлама жазған.

🔹Шынарбек Асқарұлы 40-тан астам халықаралық және республикалық конкурстарының лауреаттарын тәрбиелеген. Қазіргі таңда шәкірттері Қазақстанның орта және жоғары білім беру мекемелерінде, жеке танымал оркестрлер мен ансамбльдерде өз өнерлерін шыңдап, оны бүкіл әлемге насихаттап ұстаздық жолында да еңбек етуде.

Back to top button