Қажырлы еңбек - табыс кілті

Қалдыгүл Бисембайқызы Ракишева

🔸Қалдыгүл Бисембайқызы саналы ғұмырын ұстаздық қызметке арнаған ардақты да абзал жандардың бірі. 1983 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясының «Домбыра» мамандығын тәмамдап, сол жылы ҚазақССР-інің Білім министрлігінің арнайы жолдамасымен Алматы қаласындағы П.И. Чайковский атындағы музыкалық училищесіне қызметке келеді. Сол уақыттан бері өнердің қасиетті қара шаңырағында жемісті еңбек етіп, талай шәкірттер тәрбиелеуде.

Қалдыгүл Бисембайқызы талай өнерлі жастардың жолын ашып, жөн сілтеп «өнер» деген айдынға қанаттандырып ұшырды. Шәкірттерінің арасында

ҚР мәдениет қайраткерлері, мәдениет саласының үздігі, доцент, Ph.D сияқты құрметті және ғылыми атақтарға ие болғандар да бар. Ұстаздан тәлім алған шәкірттері қазіргі таңда еліміздің өнері мен мәдениетінің дамуына өзіндік үлес қосып келеді.

🔹П.И. Чайковский атындағы музыкалық колледжде қырық жылға жуық жұмыс істеп, 70-тен аса шәкірттен лауреат дайындап, еңбек ету әрбір мұғалімнің қолынан келе бермейтіні анық. Қазіргі таңда күйшілік, орындаушылық өнерінде Қалдыгүл Бисенбайқызының шәкірттері алдыңғы қатарда өнер көрсетіп келеді. Атап айтсақ, Айман Ақбаева, Мұрат Абулғазин, Ақбота Тұрымбетова, Дәулет Ардаби секілді майталман күйшілер мен басқа да шәкірттері республикамыздың түпкір-түпкірінде үлкен өнерде қызмет етуде.

🔹Ұстаз Қалдыгүл Рақышева жайлы шәкірттері: «Ол кісінің педагогикалық ұстанымы, методикасы, шәкіртпен жұмыс жасау мәнері қазіргі таңда көптеген мұғалімдерге үлгі боларлық» дейді.

Back to top button